«Қызылжар» мен «Атырау» жағдайды түзеп, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалатын сияқты

Екі команда да сырт алаңда тиісінше «Ертіс» пен «Жеңісті» жеңіп, аса маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Қазір турнир кестесінде жоғары көтерілді. Дегенмен, өз орындарына толық сенімді болу үшін әлі де ұпай қорын молайтуы керек.
Астаналықтар матчты құтқарып қалуы мүмкін еді, бірақ ойын соңында жолы болмады. Дегенмен, бұл жағдай Слишковичке қатысты сұрақтарды азайтпайды. Бұл тақырыпты ушықтырғымыз келмейді. Тек Әлиевтің кезінде мұндай жағдай болмағанын айта кетейік.
«Астана» сырт алаңда «Тобылға» күтпеген жерден есе жіберді. Мұның күтпеген нәтиже деуіміздің себебі —астаналықтардың турнирлік мақсаты Қостанай командасымен салыстырғанда әлдеқайда маңызды. Әзірге үшінші орыннан айырылу қаупі төніп тұрған жоқ. Алайда қола жүлдеге көз тігіп отырғандар да бар. Соған қарамастан, елордалықтардың әлі де мүмкіндік қоры бар. Ең бастысы, бәрі өз қолдарында.
«Қайрат» «Жетісумен» өткен кездесуде үш ұпайды әзер олжалады. Біздің де, басқа да бірқатар болжам жасаушылардың да ірі есеппен жеңіске жетеді деген жорамалымыз ақталмады. Дегенмен, матч нәтижесін дұрыс болжадық. Қалай болғанда да, жарқын жеңіс пен қиындықпен келген жеңістің берері бірдей —үш ұпай. «Қайрат» қажетті ұпайды еншілеп, «Ордабасының» ізінен қалмай келеді.