«Қайратқа» деген ашу-ыза жоқ. Бірақ 1:5 есебі, әрине, көңіл көншітпейді

Ең өкініштісі – бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Конференция лигасының негізгі кезеңіне шығудың өзі үлкен жетістік. Дегенмен енді еурокубоктың күзгі кезеңіне емес, көктемгі кезеңіне жеткіміз келеді. Ол күнге қашан жетеміз екен? 🤔
Өткен ойыннан көп үміт күтпегеніміз рас. Соның өзінде Қазақстан чемпионы гректерге лайықты қарсылық көрсетеді деп сендік. Тіпті бір ұпай алса да жаман болмас еді. Бірақ шындық біз ойлағаннан да қатал болды.
«Қайрат» мүмкіндігін бүгін емес, жазда жіберіп алды. Сол кезде екі легионерді қатарға қосу керек еді. Ал Жоржиньоны келісімшартын бұзбай-ақ, команда тізімінен шығаруға болатын еді. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, он легионердің өзі аз. Біздіңше, олардың санын 12-ге дейін көбейтіп, өз тәрбиеленушілерінен тағы 13 ойыншыға орын берген жөн.
Әрине, сәтсіздіктің себебі тек сапалы ойыншылардың аздығы немесе қарсыластың мықтылығы емес. Команданың бабында болмауы да әсер етті. Қазақстан чемпионаты аяқталуға жақын, ал «Қайрат» шаршаңқы әрі солғын көрінеді. Футболшылар маусымның біткенін күтіп, үйлеріне қайтуға асығып жүргендей. Мұндай жағдайда Конференция лигасында жақсы нәтиже көрсету қиын. Әйтпесе, келесі кезеңге өту үшін тағы алты ұпай жинау керек еді!
Жарайды, енді не болса да көрерміз. Ал 25 қазанда «Ақтөбе» осындай күйдегі «Қайратқа» ұпай бермеуі керек…