Қазақстан футзалында жаңа турнир өтеді: жүлде қоры бар, жарна төленбейді!

Қазақстан кәсіпқой футзал лигасы (ҚКФЛ) жаңа коммерциялық жарысты ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. «Лига кубогы» деп аталатын турнир 2027 жылғы 7-10 қаңтар аралығында Ақтау қаласындағы «BS ARENA» спорт кешенінде өтеді. Оған Суперлиганың тұрақты чемпионаты бірінші айналымының қорытындысы бойынша үздік сегіз команда қатысады.
Жарыс жүйесі турнир кестесіндегі орындарға сәйкес айқас форматында өтеді. Яғни, бірінші орын алған команда сегізінші орын иесімен, екінші орын алған ұжым жетінші орын алған командамен және осылай жалғаса береді. Әр команда кемінде үш ойын өткізеді.
Бір ерекшелігі, лига демеушілердің қолдауымен жүлде қорын жасақтаған. Жалпы төлем көлемі 52 миллион теңгені құрайды. Оның үстіне, жүлдесіз қалатын команда болмайды. Бірінші орын иегеріне – 10 миллион, екінші орынға – 9 миллион, үшінші орынға – 8 миллион теңге беріледі. Қалған командалар да турнирдегі нәтижесіне қарай ақшалай сыйақы алады. Сегізінші орын алған ұжымның өзі 3 миллион теңге жүлдеге ие болады.
Әрине, үлкен футболмен, соның ішінде Қазақстан Премьер-лигасының алпауыт клубтарымен салыстырғанда, бұл аса қомақты қаржы болмауы мүмкін. Алайда футзал үшін мұндай қолдау мен қаржылай ынталандырудың маңызы зор. Айта кетейік, «Лига кубогы» турниріне қатысушы командалардан жарна алынбайды.