Новости

25-турының алғашқы ойын күні нәтижелерге өте бай болды. Кейбір маңызды сұрақтарға да жауап алдық

Әуелі «Ақтөбеден» бастайық. «Ақ-қызылдардың» жағдайы, шамасы, әлі де құбылып тұр. Бұл жолы таразының басы басқа жаққа ауысты. Тіпті жолы болып жатса, «Ақтөбе» «Оқжетпесті» төртінші орыннан шын мәнінде ығыстыра алады. Алда өз алаңында «Ұлытаумен» матч бар. Бұл ойында да үш ұпай алуға мүмкіндік жоғары. Мұның өзі үзіліс алдындағы жақсы нәтиже болмақ.

Ал бүгінгі матчтағы негізгі сәттер — Умаевтың добының қақпа маңдайшасына тиюі және Шушеначев пенальтиден мүлт кеткеннен кейін Сосаның қайтарылған допты қақпаға дәл бағыттауы.

Чемпиондық жарыс жалғасып жатыр. «Ордабасы» аса оңай болмаған кездесуде «Астананы» жеңіп, қайтадан бірінші орынға шықты. Ал «Қайратқа» бұрынғы жағдайды қалпына келтіру үшін ертең «Тобылды» жеңу керек.

«Қайсар» өте маңызды жеңіске жетті. Дегенмен бірінші таймның қорытындысына қарап, алаң иелері үш ұпай алады деп айту қиын еді. Бұған қоса, төреші Затула да қателескен болуы мүмкін (бұл эпизодтың видеосын жариялаймыз). Ал қонақтардың ең қатты өкінгені — Максимовичтің жіберіп алған мүмкіндігі. Сербиялық футболшы бүгін түнде ұйықтай қоймас. Оның гол соға алмаған сәтін кез келген мемге қосуға болады.

«Жеңіс» «Қызылжарды» жеңіп, оның жағдайын біраз қиындата түсті. Ал «Елімай» өз үмітін қайта оятып, «Жетісудың» үмітін сейілтті.

Back to top button