QJ League Awards салтанатына төрт күн қалды. Енді маусымның үздік қақпашысы атағына үміткерлерді таныстырамыз!

Александр Убыкин атындағы жүлдеге үш қақпашы үміткер. Олар — «Тобыл» ойыншысы Даниил Нұржанов, «Тараз» қақпашысы Диас Ундаш және «Шахтердің» 16 жастағы өкілі Байжан Асхат.
Бұған дейін бұл марапатты кімдер иеленгенін еске түсірейік. 2023 жылы алғашқы жүлде «Ақтөбе» қақпашысы Саятхан Құсайыновқа бұйырды. 2024 жылы «Шахтердің» қақпашысы Ян Лалов үздік атанды. Ол сол маусымда сегіз кездесуде қақпасына гол жібермей, турнир рекордын орнатты. Ал 2025 жылы «Ертіс» қақпашысы Мадияр Төлебек марапатқа ие болды. Ол QJL All Star мен «Атлетико» арасындағы кездесудің үздік ойыншысы атанған еді.
Саятхан Құсайыновтың кейінгі жетістіктері де назар аударуға тұрарлық. Биыл жазда «Ақтөбе» оны Түркістанның «Тұран» клубына жалға берді. 18 жастағы қақпашы жаңа командасының негізгі құрамынан орын алып, Бірінші лигада сегіз кездесуде қақпасын голдан аман сақтады. Маусым айынан бері «Тұран» 18 турда небәрі екі рет жеңіліп, мерзімінен бұрын ҚПЛ жолдамасына қол жеткізді!
Көктемде Саятхан U-19 құрамасының қақпасын қорғап, Еуропа чемпионатына іріктеудің элиталық кезеңіне қатысты. Ал қыркүйек айында U-21 жастар құрамасына шақырту алды.
Биылғы үш үміткердің қайсысы Саятханның жолын жалғастырады? Жауабын 7 қарашада Алматыда өтетін марапаттау рәсімінде білеміз. Тікелей эфирді Freedom Кино және ТВ платформасынан тамашалауға болады.