Қостанайда «Тобылдың» африкалық легионеріне шабуыл жасалды

Бір сағаттан астам уақыт бұрын ASnews.kz порталы «Тобыл» футбол клубының ойыншысына шабуыл жасалғаны туралы жағымсыз ақпарат жариялады. Жәбірленуші — Папа-Алиун Н’Диайе.
Біздің мәліметімізше, оқиға 2026 жылғы 1 қарашада Қостанай қаласындағы Қайырбеков көшесі, 31-үйдің кіреберісінде болған.
Анықталғандай, 1998 жылы туған Франция азаматы Н’Диайе Папа 2007 жылы туған Қазақстанның екі азаматы — О.Н. және Ж.Ж.-мен жанжалдасып қалған.
Сөзге келіспей қалған кезде әлгі екі жас футболшыға пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен. Абырой болғанда, спортшы дене жарақатын алмаған.
Сондай-ақ аталған оқиғаға байланысты екі азаматқа Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылғаны белгілі болды. Құжаттар соттың қарауына жолданған.
Бұдан бөлек, жастардың спорттық жарыстарға қатысу үшін Қостанайға келгені және қалада болған уақытында аталған үйден пәтер жалдағаны анықталды.