Футзалдан Чемпиондар лигасында «Семей» мен «Қайраттың» қарсыластары анықталды

«Семей» мен «Қайрат» турнирлік кестенің екі бөлек бөлігінде орналасқан. Сондықтан қос команда өзара тек «Төрттік финалда» ғана кездесуі мүмкін.
1/8 финалда «Семей» украиналық «Атлетик» (Днепр) командасымен күш сынасады. Осы жұптың жеңімпазы ширек финалда италиялық «Л84 Торино» мен украиналық «ХИТ» (Киев) арасындағы кездесудің үздігімен ойнайды. Алғашқы матчты семейліктер сырт алаңда өткізсе, қарымта кездесу Семейде өтеді.
Ал «Қайрат» 1/8 финалда Польшаның «Пяст» (Гливице) клубымен кездеседі. Бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда испаниялық «Эль-Посо» (Мурсия) мен бельгиялық «Спортинг Андерлехт» (Брюссель) арасындағы матчтың жеңімпазымен жолығады. Алматылықтар да алғашқы ойынды сырт алаңда өткізіп, қарымта кездесуді Қазақстанда өткізеді.
1/8 финал ойындары 23 қараша мен 4 желтоқсанға, ал ширек финал кездесулері 8-19 ақпан аралығына жоспарланған.
Ширек финалдан кейін жартылай финалға жеребе тартылады. Ал «Төрттік финал» 2027 жылғы 7-9 мамыр аралығында Швейцарияның Биль-Бьен қаласында өтеді.