«Каспий» директорын ауыстырады

Бас бапкер Ерлан Шойтымов «Ертіске» кеткеннен кейін «Каспий» директоры да ауысатын сияқты. Эльдар Аманбаевтың айтуынша, жаңа директордың аты-жөні — Дәурен Сәрсенов.
Ақтауда бұл қызметке футбол маманын емес, менеджерді таңдаған көрінеді. Өйткені Дәурен Сәрсенов есімді танымал футбол функционері туралы ақпарат табылмады. Дегенмен Сәрсенов бұған дейін 2-3 ай клубта спорт директоры болып жұмыс істеген.
Сонымен қатар оның футболдан хабары бар. Дәурен Сәрсенов кезінде Астанада балалар мен жасөспірімдер деңгейінде футбол ойнаған. Ол 1989 жылы туған.
Айта кетерлігі, «Каспийдің» қосалқы құрамында жаңа директордың аты-жөнімен бірдей футболшы болған. Сол себепті бастапқыда біраз шатасу пайда болған. Бірақ клуб басшылығына 20 жастағы жігітті қоя салатындай «Каспий» басшыларының ақымақ емес екені анық.
Тараз тумасы Нұртас Кургулиннің клубтағы болашағына қатысты бұған дейін түрлі әңгіме айтылған. Тіпті оны көктемде-ақ қызметінен кетіргісі келген деген сөз бар. Сонымен қатар оның кезінде клубта белгілі бір қарыздар жиналған.
Қазіргі жұмыстан босатылуы осыған байланысты болуы мүмкін. Бірақ басқа нұсқа да бар — жаңа инвестордың келуіне дайындық болуы ықтимал.
Ал Ерлан Шойтымовтың «Ертіске» ауысуы Кургулинге байланысты емес. Сірә, бұл — қызметтік өсуге байланысты ауысу.