«Ақтөбе» тарихи жетістікке жетті: клуб әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу тобының финалына шықты

Ақтөбе клубы финал жолдамасы үшін Исландияның «Брейдаблик» командасымен кездесті. Бұл клубтың бюджеті «Ақтөбеден» бірнеше есе жоғары. Оның үстіне исландиялық ұжым еурокубоктардың негізгі кезеңдеріне тұрақты түрде қатысып келеді.
Бұл — Ақтөбе облысындағы әйелдер футболы үшін тарихи жетістік. Сондықтан клуб басшылығы мен иесі Нұрлан Артықбаевты шын жүректен құттықтаймыз. Бұл жеңіс оның өзі үшін де жағымды тосынсый болғаны анық.
Команданың бұл табысында бас бапкер Александр Семеновтің еңбегі зор. Құрамы мықты болмаса да, оның шәкірттері әр матчта мінез танытып, өздерінен әлдеқайда тәжірибелі қарсыластарға лайықты қарсылық көрсетіп келеді.
Сондай-ақ облыс әкімі Асхат Шахаровтың қолдауын да ерекше атап өткен жөн. Дәл оның тұсында әйелдер арасындағы «Ақтөбе» өз тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды. Егер 2025 жылғы маусымда өңір басшысының қолдауы болмағанда, команда бүгін 2026 жылғы Чемпиондар лигасында өнер көрсетпес еді.
Өкінішке қарай, Испаниядан келген бас төреші мен оның көмекшілерінің жұмысы көп сынға ұшырады. Чехия инспекторы олардың әрекетіне лайықты баға береді деген үміт бар.
Енді 7 тамызда ақ-қызылдар Швейцарияның «Серветт» клубымен кездеседі. Бұл жұптың жеңімпазы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне тікелей жолдама беретін плей-оффта екі матч өткізеді. Ал жеңілген команда әйелдер арасындағы Еуропа кубогының (Еуропа лигасының баламасы) екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады. Ал «Брейдаблик» бүгінгі ойындардың тағы бір жеңілгені — Беларусьтің «Динамосымен» кездеседі.
P.S. Бұл жеңіс 13 жыл бұрынғы оқиғаны еске түсірді. Сол кезде де ерлер арасындағы «Ақтөбе» пенальти сериясында дәл осы «Брейдабликті» жарыс жолынан шығарған еді. Ол матчта исландиялықтар бес пенальтидің біреуін ғана дәл орындаса, бұл жолы әйелдер командасы бірде-бір пенальтиді голға айналдыра алмады.