Бүгін ҚПЛ-дың 20-турының қалған төрт матчы өтеді. Бұл жолы көшбасшы «Қайрат» ойнамайды. Бірақ онсыз да қызықты кездесулер жеткілікті

«Тобылға» бүгін оңай болмайды. Команда үш күн бұрын ғана Конференциялар лигасында ауыр матч өткізді. Ал төрт күннен кейін Белградта «Партизанға» қарсы маңызды ойын күтіп тұр. Осындай тығыз кестеде қостанайлықтардың «Ордабасыға» қаншалықты қарсылық көрсете алатыны қызық.
«Астана» бүгін «Ұлытауды» жеңсе, қола жүлдеге бір табан жақындай түседі. Ал елордада «Жеңіс» пен «Елімай» кездеседі. Екі командаға да үш ұпай ауадай қажет. Сондықтан тартысты матч күтіп тұрғаны анық.
Ал «Оқжетпес» өз алаңында «Алтайды» қабылдайды. Өскемендік клубқа енді шегінер жер жоқ, турнирлік жағдайын түзетуі керек. Оларға 3-4 орынға таласып жүрген командалардың жанкүйерлері тілекші болады. Ал көкшетаулықтарға, керісінше, турнир кестесінің төменгі сатысындағы клубтардың басым бөлігі жанкүйерлік етеді.