Бәрібір Түркістан…

Қазақстан футболындағы маңызы жөнінен екінші трофейдің финалы қай қалада өтетіні әлі де талқыланып жатыр. Әуелде Қызылорда жақтан (нақты айтқанда, жекелеген адамдардан) финалды Түркістанда өткізу туралы ұсыныс айтылды. Бұл екі клубқа да қолайлы деген уәж келтірілді. Алайда кейін «Қайсар» мен «Ордабасы» өз хаттарында Астананы ұсынды. Қазір Қызылорда жұртшылығы да финалдың елордада өткенін қалайды. Себебі команда мен жанкүйерлер билеттерін алдын ала сатып алған, ал олардың ақшасын қайтару мүмкін емес.
Мәселенің мәнін белгілі футбол блогері, журналист әрі комментатор Айбек Қабылша кеше жақсы түсіндірді. Оның пікірінше, Түркістанда шымкенттіктердің жанкүйерлік басымдығы болады. Бұл пікірмен келісуге болады.
Мәселен, финал Ақтөбеде өтсе, жергілікті жанкүйерлердің көбі «Қайсарға» қолдау білдірер еді. Ал шешуші ойында «Каспий», «Жайық» немесе «Атырау» алаңға шықса, ақтөбеліктер батысқазақстандық клубтарға жанкүйер болатыны анық. Түркістандағы жағдай да осыған ұқсас. Өйткені Шымкент пен Түркістан облысы ұзақ жылдар бойы бір Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болды. Екіге бөлінгеніне де көп уақыт өткен жоқ.
Әзірге «Ордабасы» тарапынан нақты ақпарат жоқ. Дегенмен, біздіңше, шымкенттіктерге финалдың қайда өтетіні аса маңызды емес. Астана болса — жақсы, Түркістан болса — тіпті жақсы.
Лигадағы дереккөздеріміз финалдың Түркістанда өтетінін сенімді түрде айтып отыр. Сондықтан бүгінгі таңда шешуші ойынды қабылдауға ең басты (мүмкін жалғыз) үміткер —Қазақстанның рухани астанасы Түркістан.