Биылғы маусымда алғаш рет барлық матч бір күнде, бір уақытта өтеді

Шынын айтсақ, бұл турда турнирлік жағдайға еш әсер етпейтін ойындар да бар. Сондықтан оларға көп тоқталмай-ақ, бірер ауыз сөзбен шектелуге болады.
«Ертіс» – «Ордабасы», «Каспий» – «Қызылжар» және белгілі бір деңгейде «Елімай» – «Оқжетпес» кездесулері осы қатарға жатады. Дегенмен соңғы ойында қонақтардың қола жүлдеге қол жеткізуге аз да болса мүмкіндігі бар. Бірақ бұл үміттің де ақталуы екіталай. Біріншіден, «Елімай» өз алаңында жеңіліп қала ма? Екіншіден, бәрі сырт алаңда «Жетісуды» жеңуге тиіс «Астанаға» байланысты.
«Атыраудың» енді сырт алаңда «Ұлытауды» жеңуден басқа амалы жоқ. Бұл ойында команданың абыройы мен беделі ғана емес, Самат Смақовтың бапкерлік лицензиясы да сынға түседі. Ойыншылар мұны жақсы біледі. Біздің білуімізше, олар бапкерін қолдау үшін барын салуға дайын. Дегенмен турнирлік мақсаты жоқ «Ұлытау» осыдан бірнеше тур бұрын жеңіске ынталы «Оқжетпесті» ұтқан болатын. Сондықтан бәрі алаңда шешіледі.
Бүгінгі «Тобыл» – «Ақтөбе» кездесуі ұпай мен жүлде үшін талас емес. Бұл — намыс, абырой және бедел жолындағы бәсеке. Екі команда — ежелден келе жатқан қарсыластар. Бұл – нағыз классикалық «ел-классико». Айта кетейік, мұндай атау «Астана» мен «Қайрат» арасындағы текетірестен әлдеқайда бұрын пайда болған. Мұндай ойындардағы жеңіс те, жеңіліс те турнирлік жағдайға қарамастан жанкүйерлерге ерекше әсер етеді. Бірі қуантса, бірі қапаландырады.
Ал енді турдың ең тартысты екі кездесуіне тоқталайық. Олар —«Жеңіс» – «Қайсар» және «Қайрат» – «Алтай» ойындары. Бұл екі жұптың құрамында маусымды сәтсіз аяқтаған командалардың бірі 99,99 пайыз анықталады. Тіпті екеуі де болуы мүмкін. Әрине, «Жетісу» күтпеген жерден ғажайып нәтиже көрсетпесе…