Черевченконы әзірге тағайындамай-ақ қойған дұрыс шығар, мүмкін?

«Ақтөбе» бүгін өте маңызды жеңіске жетті. Команда турнирлік кестеде үшінші орынға көтеріліп, тікелей қарсыласы «Оқжетпесті» төртінші орынға түсірді.
Бас бапкердің міндетін атқарушы Ернар Жалбыров қатарынан екінші ойында жеңіске жетті. Бұл — жергілікті маман үшін үлкен жетістік. Ақтөбелік бапкердің ҚПЛ-де команданы қатарынан екі матчта жеңіске жеткізгені сирек кездеседі.
Осыдан кейін бір ой келеді: мүмкін, әзірге ештеңені өзгертпеген дұрыс шығар? Яғни, Игорь Черевченконы бірден бас бапкер етіп тағайындамай, Жалбыровқа сенім артқан жөн болар. Әрине, бұл шешімді клуб басшылығы қабылдайды. Біз тек өз пікірімізді айтып отырмыз.
Егер таңдау Жалбыровқа түспесе де, бұл екі жеңіс оның жақсы бапкер екенін көрсетті. Қиын сәтте команданы қабылдап, өз жұмысын сәтті атқарды.
Сонымен бірге көп сын естіген Штефан Тарковичтің еңбегін де ұмытпау керек. Өйткені бүгінгі нәтижелерде оның да үлесі бар. Ол команданы қиын жағдайда қабылдап, ойыншылардың физикалық дайындығын жақсартты, бірнеше маңызды жеңіске жетті. Ең бастысы, команда оның кезінде үлкен сәтсіздікке ұшырамады. Оның үстіне Таркович көптеген негізгі ойыншылар жарақат алған кезде жұмыс істеді. Қазір Жалбыровтың қосалқы құрамнан ойынды күшейтетін футболшыларды шығаруға мүмкіндігі бар. Ал Тарковичте ондай мүмкіндік болған жоқ.
Ең бастысы, бұл жеңіске тым масайрамау. Жалбыров болсын, Черевченко болсын, алда әлі талай маңызды матч бар. Сол кездесулерге команда толық дайын болуы керек.
Жеңіске қарамастан, сын айтатын тұстар да бар. «Ақтөбе» қарсыласынан лайықты түрде басым түсті. Бірақ матчтың соңғы минуттарында команда өте әлсіз ойнады. Қайтарылған доптардың бәрін қарсылас алып жатты, ал қарымта шабуылдар мүлде болмады. Егер «Оқжетпестің» ойыншылары тәжірибелірек болғанда, мұны міндетті түрде пайдаланып кетер еді.
Қалай болғанда да, баршаңызды жеңіспен құттықтаймыз! «Ақтөбе» жүлделі орындар үшін күреске қайта оралды. Қазір қола медаль жолындағы басты қарсыласы —«Астана». Мұны елордалық клубтың өзі де жақсы түсінеді.
P.S. Жақын күндері «Ақтөбе» клубына қатысты бірнеше қызықты инсайд жариялаймыз. Ең бастысы, бұл жолғы жаңалықтардың бәрі жағымды ➕ болады.