Эльдар Аманбаевтың хабарлауынша, футболдан биылғы Қазақстан кубогының финалы Түркістанда өтеді

Бірнеше апта бұрын «Қайсар» жанкүйерлері де (клуб басшылығының қолдауымен болуы мүмкін) шешуші матчты осы киелі қалада өткізуді ұсынған еді. Олардың айтуынша, мұнда табиғи көгал төселген алаң бар, ауа райы да жылы. Ең бастысы, Түркістан екі командаға да жақын. Қызылордадан рухани астанаға дейін 290 шақырым болса, Шымкенттен небәрі 165 шақырым. Сондықтан «Орда» клубының басшылығы да бұл ұсынысқа қарсы болмаған сыңайлы.
Бұл шешім стадионды екі команданың да, жергілікті жанкүйерлердің де күшімен лық толтыруға мүмкіндік береді. Дегенмен қарашадағы ауа райы туралы асығыс пікір айтып қойған сияқтымыз. Күн жылы болғанымен, қарашада «Түркістан-Аренада» екі сағат бойы отыру оңай емес. Екі жыл бұрын Лига кубогының финалында өзіміз де әбден тоңып қалған едік.
Соған қарамастан, қарашаның басында финалды «Астана-Аренаға» қарағанда Түркістанда өткізген әлдеқайда дұрыс деп ойлаймыз.