Клубы

«Ертіс» биылғы чемпионаттың рекордын жаңартты

«Ертіс» биылғы чемпионаттың рекордын жаңартты, тіпті жалпы лига тарихындағы рекорд болуы да мүмкін: команда төртінші бапкерін тағайындады.

Біздіңше, биыл бесінші бапкер болмайды. Әзірге нақты білмейміз, бірақ павлодарлықтардың Шойтымовқа не үшін көңіл аударғанын шамалаймыз. Біздіңше, осы ауыс-түйістің арқасында Қазақстанның бес дүркін чемпионы өз орнын сақтап қалуы мүмкін, дегенмен бұл үшін әжептәуір тер төгуге тура келеді. Ал «Тобылдан» жоспардан тыс жеңілгені үлкен минус болды. Бұл — алаң иелері ұпай алуы тиіс, тіпті міндетті түрде ұпай алуға тиіс болған ойын еді. Әрине, мәселе қостанайлықтардың әдейі жеңіліп, қарсыласына жол беруінде емес. Конференция лигасындағы ойындардан кейін солтүстіктегілер физикалық та, моральдық та тұрғыда әбден титықтаған еді. Ал осындай мүмкіндікті пайдаланып, бар күшін жиып, қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаған павлодарлықтардың ойыны бізді қатты таңғалдырды. Мұрат Тілешевті әр нәрсе үшін сынауға болады. Бірақ оның батыл шешім қабылдайтыны анық. «Оқжетпестегі» сәтті кезеңнен кейін енді оның менеджер ретіндегі беделі «Ертістің» нәтижесіне байланысты.
Егер «Ертіс» ҚПЛ-да қалса, Тілешев команданы сақтап қалған мамандардың бірі атанып, өз беделін сақтайды. Ал команда жоғары лигадан түсіп қалса, барлық кінә соған артылады.

Back to top button