Новости

Іс жүзіндегі серіктестік

Беделді «Црвена Звезда» мен «Атырау» арасындағы серіктестік туралы Сербияда жүрген кезімізде-ақ естігенбіз. Маусым айында «Атырау» клубының иесі Болат Қонарбай мен белградтық клубтың басшылығы меморандумға қол қойған болатын. Шынын айтсақ, ол кезде бұл құжаттың жасалуын өз арамызда кезекті пиар-акция деп қабылдаған едік.

Алайда кейін «Црвена Звезда» өкілдерінің Батыс Қазақстанға жауап сапары ұйымдастырылды. Ал бүгін Белград клубының делегациясы Атырауға қайта келіп отыр. Демек, меморандум қағаз жүзінде ғана қалмай, нақты іске ұласып жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай.

Қуантатыны – «Атыраудың» балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға басымдық беріп отырғаны. Сербияның ең мықты клубы саналатын «Црвена Звезданың» бұл бағыттағы мол тәжірибесі жас футболшыларды тәрбиелеуге берік негіз қалайды деп сенуге болады. Соңғы бес жылда Сербия чемпионы өз тәрбиеленушілерін 150 миллион еуроға сатқан. Яғни, ұмтылатын меженің өзі айқын.

Балқаннан келген маман Душан Ракич клубымыздың жаттықтырушылар штабына семинар өткізді. Серб маманы — УЕФА-ның жоғары санатты лицензиясына ие ғана емес, өз саласында мойындалған білікті маман. Оның «Црвена Звездада» жұмыс істеуі, сондай-ақ Мәскеудің «Спартак» клубында дәріс бергені де көп нәрсені аңғартады.
Сондықтан «Атырау» клубының басшылығына және жеке Болат Қонарбайға лайк қоюға да, плюс басуға да болады.

Back to top button