Кошицедегі стадион

Словакия – Қазақстан матчының басталуына жарты сағаттан сәл астам уақыт қалды. Біз Кошицедегі стадионға ертерек келдік. 12,5 мың көрерменге арналған заманауи арена УЕФА талаптарының бәріне сай келеді. Сондықтан оған төртінші санат берілген. Мұндай стадион Қазақстан Премьер-лигасындағы клубтардың жартысына жуығына таптырмас нысан болар еді. Мысалы, «Оқжетпес» пен «Жетісу» командаларына дәл осындай арена қажет.


Бүгін түсте Прешов қаласында делегациямыз «Ақтөбе» футбол клубының бұрынғы бас бапкері Штефан Тарковичпен түскі ас үстінде кездесті. Ол түсінікті себептермен қызыл-ақ клубтағы жұмысы туралы көп айта қоймады. Есесіне алдағы ұлттық құрамалар матчы жайлы әңгімелестік. Белгілі болғандай, Қазақстан құрамасының Молдовамен бұған дейінгі ойыны Тарковичтің туған қаласы Прешовте өткен.
Оның пікірінше, алаң иелерінің жеке шеберлігі жоғары. Алайда Қазақстан құрамасының мүмкіндігі де жоқ емес: ол қарсыластың алғашқы қысымына төтеп беріп, словактардың қорғанысындағы бос аймақтарды тиімді пайдалануы керек. Бұл туралы ұлттық құрамамыздың бас бапкері Джон ван ’т Схип те айтқан болатын.
Сонымен қатар Словакия құрамасының сол қапталдағы қорғаушысы Давид Ганцко «Атлетико» клубында сол жақ орталық қорғаушы ретінде ойнайды. Ал ұлттық құрамада қапталда өнер көрсеткенде қателікке бой алдыруы мүмкін. Штефанның айтуынша, Молдова құрамасы алғашқы 20 минутта гол соғуға үш рет жақсы мүмкіндік алған. Егер солардың кемінде біреуін пайдаланғанда, словактардың жағдайы қиындай түсер еді. Оның үстіне Словакияның екі голы да ойын барысындағы шабуылдан емес, стандартты жағдайлардан кейін соғылған. Бұл да назар аударарлық жайт.
Дегенмен қарсыластың әлсіз тұстарын білу мен оларды пайдалану — екі бөлек нәрсе. Словактар да қарап отырған жоқ, Қазақстан құрамасын жан-жақты зерттегені анық. Оның үстіне олардың тізгінінде кез келген маман емес, тәжірибелі Владимир Вайсс отыр.