Новости

Молдова құрамасынан кешегі жеңіліс жанкүйерлердің қатты сынына ұшырады

Әрине, ойынға да, нәтижеге де ешкімнің көңілі толған жоқ. Қазірдің өзінде Ван’т Скипаны елге қайтаруды талап етіп жатқандар көп. Біздіңше, ол да көп ұзамай қызметінен кетуі мүмкін.

Матчты қанша жерден ұмытуға тырысқанымызбен, көңілде бір күмәнді ой қалып қойды. Әсіресе, футболшылар алаңда бар күшін салмады деген болжамнан кейін. Шынымызды айтсақ, бұл пікірге онша сене қоймаймыз. Дегенмен сырт көзге біздің ойыншылар алаңға құлшыныссыз шыққандай көрінді. Мәселе басқа — жігер мен ынтаның жетіспегені байқалды. Молдоваға қарсы ойында Қазақстан үшін жанын салуға ешкім құлықты болмағандай әсер қалдырды. Ал бұл — психологиялық мәселе.

Осыдан мынадай қорытынды жасауға болады: Қазақстан құрамасына футболды жақсы түсінетін бапкер ғана емес, ең алдымен, мықты психолог әрі мотивация бере алатын маман қажет. Футболшыларды жігерлендіріп, алаңда барын салуға жұмылдыра алатын харизмасы зор тұлға керек.

Сонымен қатар, егер ол шетелдік маман болса, Қазақстан футболының қыр-сырын барынша жылдам меңгеріп, қолда бар әлеуетті жан-жақты зерттеуі тиіс. Сонда жергілікті көмекшілерінің пікіріне тәуелділігі де азаяды. Ал тамақтану, жаттығу, күш-қуатты қалпына келтіру және оңалту мәселелерінде қатаң ғылыми ұстанымға сүйенуі қажет.

Back to top button