«Реал Мадридтың» орнына АПЛ-дің топ-клубы

«Ордабасы» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Қызайбаев «Реал Мадрид» клубының балалар академиясына франшиза алу туралы ақпаратты жоққа шығарды. Себебі испандық клубтың қазіргі уақытта мұндай бағдарламасы жоқ.
Оның орнына шымкенттік клуб Англия Премьер-лигасында өнер көрсететін топ-клубтардың бірімен академия ашу жөнінде келісім жасауды қарастырып жатыр. Дархан Еркінұлы қараша айының соңында Англияға тағы бір сапар жоспарланғанын және АПЛ клубтарымен кездесулер өтетінін мәлімдеді.
Жуырда «Ордабасы» басшысы жұмыс сапарымен Лондонда болып, «Шахтер» – «Спортинг» матчын тамашалады. Сондай-ақ Донецк клубының спорт директоры Дарио Срнамен кездесті. Бұл жай ғана таныстық кездесу емес екені анық. Сапардың арнайы ұйымдастырылғаны белгілі. Жалпы, «Ордабасы» украиналық клубтың бірқатар бағыттағы мол тәжірибесін өз жұмысына енгізуді көздеп отыр. Атап айтқанда, трансферлік саясат, скаутинг, футбол менеджменті, команда құрамын жасақтау қағидаттары және басқа да маңызды мәселелер бойынша тәжірибе алмасады.
Егер шымкенттіктер жоспарлаған жұмыстарын жүзеге асыра алса, белгілі бір уақыттан кейін «Ордабасы» ұйымдастырушылық және ойын деңгейі жағынан мүлде жаңа сатыға көтерілуі мүмкін. Өйткені клубтың алдына қойылған міндеттер өте ауқымды. Олар УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығумен ғана шектелмейтіні анық.