Самат Смақов: «Баспасөз мәслихатындағы сөзім жай эмоция емес, ойыншыларға берілген тапсырма»

«Атырау» мен «Ертіс» арасындағы матчтан кейін Самат Смақовтың баспасөз мәслихатында айтқан сөздері қызу талқыланды. Осыған байланысты «Атыраудың» бас бапкерінен жағдайға қатысты пікірін сұрадық. Ол бұл сөздерді жай эмоцияға беріліп айтпағанын жеткізді.
— Баспасөз мәслихатында айтқаным жай эмоция емес, бұл — ойыншыларға берілген тапсырма. Енді шегінер жол жоқ. Не алаңда барымызды салып, жеңіске жетеміз, не ҚПЛ-дан кетеміз. Әрине, PRO лицензиямды қоқысқа тастамаймын. Бірақ әзірге бапкерлік қызметтен кетуім мүмкін. Дегенмен футболдан қол үзбеймін, басқа қызметте қаламын, — деді Самат Смақов.
Бапкер мен оның командасы Жезқазғандағы ойында тек жеңісті көздеп отыр. Өзге нәтижені тіпті ойларына да алмайды.
— Жігіттердің бәрі алдағы ойынның маңызын жақсы түсінеді. Алаңда барымызды саламыз. Бірақ ең нашар жағдайдың орын алуына жол бермейміз, — деп түйіндеді Самат Смақов.