Шымкенттіктерге тиімді тең нәтиже

«Ақтөбе» мен «Қайрат» тартысты матч өткізді. Алайда тең нәтиже екі командаға да тиімді болмады. «Қайрат» чемпиондық атақтан ресми түрде айырылса, «Ақтөбе» еурокубокқа жолдама алуға тағы бір мүмкіндік жіберіп алды.
«Ақ-қызылдар» еурокубокқа шығу мүмкіндігін бүгін жоғалтқан жоқ. «Ордабасыға» қарсы даулы матч та басты себеп емес. Командаға «Жетісу», «Қызылжар» және «Ертістен» ұтылғаны қымбатқа түсті. Сол ойындарда тоғыз ұпай жинағанда, «Ақтөбе» қазір қола жүлдеге ие болар еді.
«Қайрат» та чемпиондықты бүгін жоғалтқан жоқ. Алматы командасы қыркүйекте қатарынан екі рет жеңілгенде-ақ жағдайын қиындатып алды. Жалпы, клуб жазда құрамын күшейтуі керек еді. Бірақ басшылық басқаша шешім қабылдап, қателесті. Енді «Қайратқа» 2027/2028 жылғы Конференция лигасының жалпы кезеңіне шығудың өзі оңайға соқпауы мүмкін. Чемпиондар лигасындағыдай, үшінші іріктеу кезеңінен бастап сүрінген жағдайда басқа турнирге ауысу мүмкіндігі болмайды. Оның үстіне, жолда кездесетін қарсыластар да оңай болмауы мүмкін.
«Ақтөбе» үшін биылғы маусым іс жүзінде аяқталды. Енді келесі маусымнан үміт күту ғана қалды. Клуб иесі Нұрлан Артықбаев өткен маусымды саралап, тиісті қорытынды жасауы керек. Келер маусым биылғыдан әлдеқайда табысты болуы тиіс. Ең бастысы, QazaqStroy компаниясының басшысы әрі «Қазақмыс» акционері клубты алға бастыру үшін не істеу керегін жақсы біледі деген үміт бар.