Таркович кетті, Черевченко келді

«Ақтөбе» ФК-ның ресми парақшасы клуб пен бас бапкер Штефан Тарковичтің келісімшарты өзара келісіммен бұзылғанын хабарлады. Осылайша словакиялық маман Қазақстаннан кетсе, команданы ресейлік-тәжікстандық бапкер Игорь Черевченко тізгіндейді.
Жаңа бапкер Ақтөбеде болған уақытында командамен танысып, ойыншылардың мүмкіндігі мен құрамның әлеуетін бағалап үлгерді. Қазір оның қолында бәсекеге қабілетті ұжым бар деуге болады.
Черевченконың бапкерлік тәжірибесіне қарасақ, ол футбол әлеміндегі кездейсоқ адам емес. Ресей Премьер-лигасы клубтарында жұмыс істеген, Тәжікстан чемпионы атанған. Алайда «Ақтөбеде» өткен жетістіктер емес, бүгінгі нәтиже маңызды.
Сондықтан жаңа бас бапкердің жұмысы екі негізгі өлшеммен бағаланады. Біріншісі әрі ең бастысы — нәтиже. Екіншісі – команданың ойын сапасы. «Ақтөбе» жанкүйерлері көп нәрсені кешіруі мүмкін, бірақ жігерсіз ойын мен мінезсіздікті қабылдамайды.
Ертең Черевченко үшін алғашқы ресми матч өтеді. Оның үстіне бірден үлкен сынақ күтіп тұр. Петропавлда «Ақтөбе» Виталий Жуковский жаттықтыратын «Қызылжармен» кездеседі. Қонақтар үшін бұл матчтағы жеңіс жүлделі үштік үшін күрестегі орнын нығайтып, бәсекелестерден қалып қоймауға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл ойында қателесуге болмайды.