«Тобыл» екінші матчта да жеңілді, бірақ бұл жолы команда үшін ұялатындай себеп жоқ

«Партизан» өзінің ең мықты кезіндегідей емес. Соған қарамастан, бұл – Қазақстан кубогының иегеріне әзірге шамасы жете бермейтін мығым еуропалық клуб.
Дегенмен, жағдайға әр қырынан қарауға болады. Белградтағы сұмдық нәтижеден кейін «Тобылдың» мүмкіндігі нөл сияқты көрінді. Бірақ бұл — тек алғашқы әсер. Сол ойынды көргендер сербтердің шынымен мықты командаға тәндей үстемдік танытпағанын айтады. Түсінген адам түсінеді.
Қостанайлықтардың бапкерлер штабы мен ойыншылары матчқа қайта оралуға шын мәнінде сенгеніне кәміл сенемін. Олар мұны жасай алды да. Егер алаң иелері үзіліске дейін екінші голды соққанда, қонақтар сасқалақтап қалуы мүмкін еді. Жалпы есеп 5:1 болғанына қарамастан, «Тобыл» екінші матчта жеңіске лайық болды. Кем дегенде, жеңіске жететіндей ойын көрсетті.
Жалпы, бұл матч мынадай ойға жетелейді: Қазақстан клубтары еурокубоктарда Еуропамен жүйесі жағынан теңеспейінше, үнемі жеңіле береді. Біздіңше, Қазақстан футболының күзгі-көктемгі жүйеге ауысуы туралы шындап ойланатын уақыт келді. Елдің солтүстігінде де бұрынғыдай аяз жоқ. Бұл үшін мүмкіндік табылады, бастысы ниет болсын! Тек, өтінемін, Норвегияны мысалға келтірмеңіздерші. Ол — басқа ел, басқа халық, басқа жағдай және басқа менталитет.
Сондай-ақ чемпионаттар арасындағы қысқы үзілісті кем дегенде бір айға қысқарту қажет. Қазір бұл үзіліс тым ұзақ. Ол клубтарға, әсіресе еурокубоктарға қатысатын командаларға көбірек зиян келтіреді.