Құрметті «Ордабасы» футбол клубының басшылығы, жаттықтырушылар құрамы, ойыншылары мен жанкүйерлері!

Сіздерді чемпиондық атаққа қол жеткізулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
«Ордабасы» — жай ғана футбол клубы емес. Бұл — тарихы терең, дәстүрі қалыптасқан Шымкент жұртының мақтанышы мен қуанышы. Команданың артында футболды шын сүйетін, оның дамуына күш-жігерін, уақытын және жанын арнап жүрген жандар тұр.
Клубты қолдап, оның дамуына үлес қосып келе жатқан Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке ерекше алғысымды білдіріп, құттықтауымды жолдаймын. Спортқа осындай қолдау көрсету команданың дамуына, беделінің артуына және жаңа белестерді бағындыруына жол ашады.
Сондай-ақ клуб иесі Шахмұрат Мүтәліпті, Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Қызайбаевты, клуб президенті Жасұлан Барманқұловты және барша әріптестерімді құттықтаймын! Әрбір табысты жобаның артында жауапкершілікті мойнына алып, күрделі шешімдер қабылдаудан тайсалмайтын, алға қойған мақсатқа табандылықпен ұмтылатын адамдар тұрады. Олардың еңбегі мен өз ісіне деген адалдығы «Ордабасының» болашағы үшін аса маңызды. Еңбектеріңізге рақмет!
Андрей Мартин бастаған жаттықтырушылар құрамын да ерекше құттықтаймын! Екі жыл бұрын, клуб түбегейлі өзгерістер қарсаңында тұрған кезде, ортақ жолымызды қалай бастағанымыз есімде. Қиындықтар да болды, қарсылықтар да аз кездескен жоқ. Соған қарамастан, біз де, ең бастысы, бас бапкер де таңдаған жолымыздан таймадық! Бұл жетістікке әбден лайықсыздар!
Клубтың барлық мүшесіне ауызбіршілік, өз күшіне деген сенім, толағай табыс пен ұмытылмас сәттер тілеймін! Стадион трибуналары әрдайым жанкүйерге толып, ел командасын мақтан тұтсын! «Ордабасы» Шымкентті ғана емес, бүкіл Қазақстанды жарқын ойынымен және жарқын жеңістерімен қуанта берсін!
Ізгі тілекпен, Асхат Сейсембек